Қазақстанның тұңғыш каратэден әлем чемпионы Мөлдір Жаңбырбай Мәскеуде өткен Moscow Karate Universe халықаралық турнирінде алтын медаль иеленді.
Кумитэ бағдарламасында 50 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Жаңбырбай финалда Өзбекстан өкілі Диёра Пулатованы 5:1 есебімен жеңді.
Осылайша, қазақстандық спортшы жарыста ел қоржынына тағы бір алтын салды. Мәскеуде өткен бесінші халықаралық турнирде Қазақстан құрамасы жалпы есепте 6 медаль жеңіп алды: 2 алтын және 4 қола.
Командалық есепте Қазақстан екінші орынға тұрақтады. Жарыста тағы бір алтын медальді Софья Берульцева әкелді.
Токио Олимпиадасының қола жүлдегері әрі Азия ойындарының екі дүркін чемпионы Берульцева 68 келіден жоғары салмақта Иран өкілі Атена Махбуб Башариді тізе бүктіріп, жеңімпаз атанды.