Қазақстандық еркін күрес шебері Нұрқожа Қайпанов Астанада өткен әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанды. Финалдан кейін ол шешуші белдесудің өте ауыр өткенін айтты.
Қайпановтың сөзінше, жарысқа толық дайын болғанымен, өзіне тым үлкен жауапкершілік алып қойған. Командадағы әріптестерінің жеңілістерінен кейін қысым тіпті күшейген.
«Бүгінгі белдесу маған өте қиын тиді. Жалпы, жарысқа толық дайын болдым, бірақ өзіме тым үлкен жауапкершілік артып алған сияқтымын.
Әсіресе, командаластарымның жеңілістерінен кейін қосымша қысым сезіндім. Үйдегі турнирде алтын медаль алып, қазақстандықтарды қуантқым келді. Алайда бүгін финалда ресейлік балуан мықты болды.
Ол кілемге шыққан сәттен бастап өзін өте жайсыз сезінгенін, тіпті бір мезетте қол-аяғын сезбей қалғандай күй кешкенін жеткізді. Соған қарамастан, Қайпанов бұл сәтсіздікте тоқтап қалмайтынын айтты.
«Біз мұнымен тоқтамаймыз, әрі қарай жұмыс істей береміз. Алда бізді әлем чемпионаты мен Олимпиада ойындары күтіп тұр. Мен осы салмақта әрі қарай да өнер көрсетемін. Бұл — мен осы салмақта күрескен төртінші жарыс. Маған әлі де өз мүмкіндігімді дәлелдеп, жаңа биіктерге жету керек», — деді ол.
Қайпанов үшін Астанада жанкүйерлер алдында өнер көрсету де ерекше қуаныш болған. Ол жеті жыл бұрын да Астанада өткен әлем чемпионатында күміс медаль иеленгенін еске алып, қазақстандық жанкүйерлерге алғыс айтты.