Германиялық дәрігер, спорт медицинасы мен реабилитация саласының маманы Михаил Маркварт қазақстандық UFC жекпе-жек шебері Шавкат Рахмоновтың жарақаты мен қайта қалпына келуі жөнінде пікір білдірді.
Маркварттың айтуынша, Рахмонов өте ерекше әрі мейірімді адам, оның айналасындағыларға жақсы әсер ететін өзіндік аурасы бар. Дәрігер спортшымен біраз уақыт бірге болып, екеуі жақын араласып кеткенін айтты.
«Не болып өткеніне қарамастан, бұл оның әлсіз тұсы болады деп ойламау керек. Жоқ, олай емес. Бізде жеткілікті уақыт болды — реабилитацияның маңызы да осында. Реабилитацияға көптеген маман қатысады, оның ішінде спортшының өзі де бар. Бұл оның ең әлсіз жері болмайды. Керісінше, Шавкат бұрынғыдан да күшті болып оралады», — деді Маркварт.
Ол оңалту кезінде спортшының әлсіз тұстары анықталып, сол бағытта жұмыс жүргізілетінін атап өтті. Дәрігердің сөзінше, кейде мұндай кезеңнен кейін спортшы бұрынғысынан да жақсы деңгейде өнер көрсете алады.
Шавкат Рахмонов соңғы жекпе-жегін 2024 жылдың желтоқсанында өткізіп, ирландиялық Иэн Гэрриді төрешілердің бір ауыздан шығарған шешімімен жеңген еді. Оның кәсіби рекорды — 19 жеңіс, 0 жеңіліс.