Қазақстандық боксшы Руслан Ахметов Черногорияның Будва қаласында өтіп жатқан 19 жасқа дейінгі әлем чемпионатындағы жорығын жеңіспен бастады.
85 килограммға дейінгі салмақта 1/16 финалда өнер көрсеткен Ахметов болгариялық Николай Ивановпен қолғап түйістірді. Үш раундқа созылған жекпе-жекте төрешілер жеңісті қазақстандық спортшыға бірауыздан берді — 5:0.
Осы нәтиженің арқасында Руслан Ахметов 1/8 финалға жолдама алды. Ал Николай Иванов турнирден шығып қалды.
Жастар арасындағы әлем біріншілігі 27 қазанға дейін жалғасады. Додада 10 ерлер және 10 әйелдер салмақ дәрежесінде 69 елден келген 474 боксшы жүлде үшін бақ сынап жатыр.