Швейцарияның федералдық әділет басқармасы ақпарат бөлімінің басшысы Ингрид Райзер Камила Валиеваның шағымы жөнінде ел үкіметі хабардар етілгенін айтты. Ресейлік мәнерлеп сырғанаушы Еуропалық адам құқықтары сотына Спорттық арбитраж соты мен Швейцарияның Федералдық соты шығарған шешімдерге наразылық білдірген.
Еуропалық адам құқықтары соты дүйсенбі күні Валиеваның антидопинг ережелерін бұзу ісі бойынша берген шағымын тіркегенін хабарлаған. Райзердің айтуынша, аталған іс Швейцария үкіметінің назарына 20 тамызда жеткізілген.
Ол шағымды қарау барысына қатысты өзге мәлімет беруден бас тартты. Ал CAS-тың баспасөз қызметі ұйымның бұл істі Еуропалық адам құқықтары сотында қарауға қатыспайтынын жеткізді.
Бұған дейін CAS Пекин Олимпиадасында командалық сайыста жеңімпаз атанған Валиеваны антидопинг ережелерін бұзғаны үшін төрт жылға жарыстан шеттетіп, 2021 жылғы 25 желтоқсаннан бергі нәтижелерін жойған еді. 2024 жылғы 5 қыркүйекте Швейцарияның Федералдық соты оның CAS шешіміне берген шағымын қабылдамады, ал 2025 жылғы 8 қазанда төрелік шешімді қайта қарау туралы өтінішін де кері қайтарды.
2025 жылғы желтоқсанда Валиеваның допингке байланысты шеттетілу мерзімі аяқталды. 2026 жылы спортшы мансабын қайта жалғастыратынын мәлімдеді.