«Астана» футбол клубы ойыншылар алдындағы жалақы бойынша берешек барын ресми түрде растады. Соған қарамастан, елордалық ұжым Қазақстан чемпионатындағы маусымды соңына дейін жалғастыратынын мәлімдеді.
Клубта ойыншылардың бір бөлігінің келісімшарттық міндеттемелер бойынша жалақысы кешігіп отырғаны айтылды. Осыған байланысты негізгі құрам футболшыларынан ұжымдық өтініш түскен.
Клуб басшылығы футболшылардың ұстанымын түсінетінін жеткізді. Қаржылық қиындықтарға қарамастан, ойыншылар мен бапкерлер штабы жаттығу процесіне де, ресми матчтарға да толық қатысып келе жатқаны атап өтілді.
«ФК „Астана“ Қазақстан чемпионатындағы қатысуын жалғастырады және 2026 жылғы маусымды толық аяқтайды. Клубтың жарыстан шығуы мәселесі қарастырылып жатқан жоқ», — делінген клубтың мәлімдемесінде.
Қазір клуб басшылығы құрылтайшымен бірге қаржылық ахуалды тұрақтандыру және берешекті өтеу бағытында жұмыс жүргізіп жатыр. Қажет болса, негізгі құрамға резерв, жастар командасы немесе клубта ойнауға құқығы бар басқа футболшылар тартылуы мүмкін екені де айтылды.
23 турдан кейін «Астана» 45 ұпай жинап, турнир кестесінде үшінші орында тұр. Команда көш бастап тұрған «Ордабасыдан» 10, екінші орындағы «Қайраттан» 9 ұпайға қалып келеді және бір ойыны артық.