Дүниежүзілік бокс ұйымы (WBO) екінші орта салмақ дәрежесінде (76,2 келіге дейін) чемпиондық белдік үшін өтетін жекпе-жекке ресми рұқсат берді. Рингте британиялық Хамза Шираз (24-0-1, 19 нокаут) мен қазақстандық Жанибек Алимханұлы (17-0, 12 нокаут) кездеседі.
Ұйым тараптарға келісімге келу үшін 20 күн мерзім берді. Егер боксшылардың промоутерлері ортақ шешімге келе алмаса, іс промоутерлік сауда-саттыққа ауыстырылады.
Жанибек Алимханұлы қазіргі уақытта 33 жаста. Қазақстандық боксшы кәсіби рингке 2016 жылы шыққан болатын. 2022 жылы ол орта салмақ дәрежесінде (72,6 келіге дейін) әлем чемпионы атанса, 2023 жылы бірыңғай чемпион дәрежесіне көтерілді.
Ал оның қарсыласы Хамза Ширазға 27 жас. Британдық боксшы кәсіби мансабын 2017 жылы бастаған, ал екінші орта салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атанған.
Егер жекпе-жек өтетін болса, бұл Жанибек Алимханұлы үшін жаңа салмақ дәрежесінде тағы бір чемпиондық белдік жаулап алуға мүмкіндік береді.