Фигуристік сырғанаудың танымал қоюшысы, француз хореографы Бенуа Ришо Қазақстанның 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарының чемпионы Михаил Шайдоровпен бірлескен жұмысы туралы айтып берді.
Ришо алғашқы күннен бастап Шайдоровпен жұмыс істеу оғаш емес, керісінше өте табиғи өткенін жеткізді. Оның сөзінше, ынтымақтастық басынан-ақ жеңіл әрі жайлы болып, шығармашылық процесте идеяны еріксіз таңу сезілмегенін атап өтті.
«Мен назар аударған нәрсе — оның сырғанау мәнері. Онда өзге фигуристерден ерекшеленетін әдемі, табиғи жеңілдік бар. Бұл маған қимылды басқаша зерттеп, оның музыканы қалай сезінетінін негізге алып хореография құруға мүмкіндік берді. Оның музыкалылығы ерекше — таңдаған әрбір музыкамызда ол әр нотаны бірден ұстап алды», — деді Ришо.Хореограф Шайдоровпен тек жұмыс кезінде ғана емес, жалпы қарым-қатынаста да көп күлкі мен қуанышқа толы уақыт өткізетінін жеткізді. Қазір қазақстандық фигурист Франциядағы Ришо жаттығу лагерінде Ника Эгадзе, Стивен Гоголев және Адам Сяо Хим Фа сияқты әйгілі спортшылармен бірге бес аптадай уақыт өткізіп жатыр.
Бұған дейін Михаил Шайдоров 2026-2027 жылдардағы маусымға арналған жаңа еркін бағдарламасын дәл осы Бенуа Ришоның қойғанын хабарлаған болатын. Қазақстандық спортшы көптен бері саланың ең мықты мамандары санатында бағалайтын кәсіпқойлармен алғаш рет ынтымақтастық жасап отырғанын атап өтті.
Шайдоров қазір 1994 жылғы Олимпиада чемпионы Алексей Урмановтың жетекшілігімен дайындығын жалғастырып жатыр. Спортшы карьерасының ең үлкен жетістігіне 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарында қол жеткізіп, ер адамдар жарыстарында жеңімпаз атанды. Осылайша ол Қазақстан тарихында фигуристік сырғанаудан Олимпиада алтынын жеңіп алған алғашқы спортшы болды.
Бенуа Ришо қазіргі фигуристік сырғанаудың ең танымал хореографтарының бірі саналады. Ол әр жылдары Каори Сакамото, Дайсуке Такахаси, Рика Кихира, Елизавета Туктамышева және Денис Тен сияқты спортшылармен жұмыс істеген. 2024 жылы француз маман ISU Skating Awards марапаттау рәсімінде «Жылдың үздік хореографы» атанды.