АҚШ-тық бокс шолушысы Дэн Каноббио бұрынғы WBO чемпионы Хамза Шираздың Жәнібек Әлімханұлымен жұдырықтасудың орнына белбеуден неге бас тартқанын айтты.
Промоутерлік саудада Шираз тарапы жеңіске жеткенімен, британ боксшысы кейіннен чемпиондық атақты бос қалдыруды жөн көрген. Каноббионың сөзінше, бұл шешімнің түпкі себебі ақшаға тірелген.
«Оны ақша қанағаттандырмады. Жекпе-жек промоутерлік саудаға шықты, сол кезде Шираз Турки Әл аш-Шейх төлеп жүрген қолдан көтерілген гонорарсыз өзінің шынайы құнын көрді. Сосын ол Жәнібекпен жұдырықтаспаймын деп шешті, өйткені Жәнібек өте мықты, ал ұсынылған сома оған тым аз көрінді», — деді Каноббио Ариэль Хельваниға берген сұхбатында.
Еске салайық, қаңтар айында Жәнібек Әлімханұлы екінші орта салмақтағы WBO-ның бос тұрған әлем чемпионы атағы үшін дат боксшысы Якоб Банкпен қолғап түйістіреді.