Румыниялық боксшы Андрей Даскалу кәсіби рингтегі кезекті жеңісіне жетіп, WBO ұйымының еуропалық чемпионы атанды. Ол Жәнібек Әлімханұлы өнер көрсететін екінші орта салмақтағы белбеуді иеленді.
Кездесу Австрияның Корнойбург қаласында өтті. Даскалу қарсыласы, австриялық Бернардин Джакаямен WBO European титулы үшін жұдырықтасты.
Жекпе-жектің басында Джакая белсенді қимылдап, жақын қашықтықта артықшылық танытты. Алайда уақыт өте келе Даскалу айқаста тізгінді өз қолына алды.
Алтыншы раундтың соңында румыниялық боксшы қарсыласын нокдаунға түсірді. Келесі үш минуттықта да шабуылын тоқтатпады. Жетінші раундта ол Джакаяны тағы да жерге құлатты.
Осыдан кейін австриялық боксшының бұрышы орамал тастап, төреші кездесуді тоқтатты. Нәтижесінде Даскалу техникалық нокаутпен жеңіске жетті.
Осылайша, Андрей Даскалу жеңіліссіз сериясын жалғастырып, WBO-ның еуропалық титулын қанжығасына байлады. Оның кәсіби көрсеткіші енді 15 жеңіс, соның ішінде 4 нокаут, және 0 жеңіліс болып тұр.
Айта кетейік, екінші орта салмақ Жәнібек Әлімханұлы үшін жаңа салмақ дәрежесі саналады. Қазақстандық боксшы 2026 жылдың шілдесінде орта салмақтан осы дивизионға өткенін мәлімдеген еді.