Франция хоккей федерациясы Ресей құрамасының жарысқа жіберілуіне байланысты ұлттық парахоккей құрамасын әлем чемпионатының C тобынан алып тастайтынын мәлімдеді.
Ұйым 30 қазанда Спорттық арбитраж соты (CAS) қабылдаған шешімге алаңдаушылық білдіріп, оның халықаралық жарыстарды ұйымдастыруға және қатысушы елдердің ұстанымына қатысты салдарын сынға алды.
Федерацияның айтуынша, бірқатар ұлттық федерациялар Ресей құрамаларына қарсы матч ойнаудан бас тартқан. Сонымен бірге кейбір қабылдаушы қалалар да ресейлік командалар қатысатын турнирлерді өткізбейтінін хабарлаған.
Осы жағдайларды ескерген Франция хоккей федерациясының басшылық комитеті Мехикода 8–13 желтоқсан аралығында өтетін парахоккейден әлем чемпионатының C тобынан командасын бір ауыздан алып тастауға шешім қабылдады. Бұл турнир World Para Ice Hockey ұйымының аясында өтеді және оған Ресей құрамасының қатысуы қарастырылған.
Француз тарапы 10 желтоқсанға жоспарланған Ресей мен Франция матчына дайындық үшін қалыпты жағдай жасалмағанын атап өтті. Федерация басшылығы бұл шешімнің спортшылар мен бапкерлер штабы үшін ауыр екенін, алайда қазіргі ахуалда басқа амал қалмағанын жеткізді.
CAS 30 қазанда Ресей хоккей федерациясының апелляциясын қанағаттандырып, IIHF-ке Ресей хоккей құрамаларын 2026/2027 маусымындағы барлық турнирге жіберуді міндеттеген болатын.