Әзербайжанның еркін күрес құрамасының бас бапкері Хетаг Газюмов Астанадағы әлем чемпионатынан кейін команданың өнеріне қатысты пікір білдірді.
Оның айтуынша, жарыстан соң федерация басшылығы жиналыс өткізіп, көрсетілген күреске көңілі толмайтынын ашық айтқан. Газюмов мұндай ескертулерді қабылдайтынын және жіберілген қателіктер түзетілуі керек екенін жеткізді.
«Құрылған жағдайды, бапкерлік штабтың жұмысын және жыл бойы өтетін жиындарды ескерсек, біз қанағаттанарлықсыз күрес көрсеттік. Біз алтын медаль күттік. Кейбір жігіттер жеке қабілетін көрсете алмады. Оларға үлкен үміт артылған еді», — деді ол.
Бапкер команданың бұл нәтижесіне өзі жауапты екенін де атап өтті. Газюмов әзербайжан жанкүйерлерінен кешірім сұрап, алдағы уақытта қателікті түзету үшін бұдан да көп жұмыс істейтіндерін айтты.