Будвада (Черногория) өтіп жатқан 19 жасқа дейінгі әлем чемпионатында қазақстандық боксшы Алтынгүл Аймұхан ширек финалдық жекпе-жегін өткізді.
75 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде ол Қытай спортшысы Шэньцзие Гонгпен кездесіп, үш раунд қорытындысы бойынша төрешілердің бір ауыз шешімімен жеңіліп қалды. Аймұхан алғашқы раундта бөлінген шешіммен басым түскен еді, алайда кейінгі раундтарда қытайлық боксшы таразы басын өз жағына аударды.
Осылайша, Шэньцзие Гонг жартылай финалға шығып, кем дегенде қола медальді қамтамасыз етті. Ал Алтынгүл Аймұхан турнирді жүлдесіз аяқтады.
19 жасқа дейінгі әлем чемпионаты 16–27 қазан аралығында World Boxing ұйымының қамқорлығымен өтіп жатыр. Байрақты бәсекеге 69 елден 474 жас боксшы қатысып, 20 салмақ дәрежесінде медаль үшін сынға түсуде.