Хамза Шираз Жәнібек Әлімханұлымен өтуі тиіс жекпе-жектен бас тартып, WBO нұсқасы бойынша екінші орта салмақтағы әлем чемпиондық белбеуін өз еркімен тапсырды.
Ұйым британ боксшысының бұл шешімін ресми түрде растады. Осылайша, Ширазға міндеттелген жекпе-жек өтпей қалды, ал Жәнібек WBO рейтингінде бірінші үміткер болған.
Жекпе-жекті өткізу құқығы үшін өткен сауда-саттықта Queensberry Promotions 1 001 809 доллар ұсынып, жеңіске жеткен. Топ Rank 850 000 доллармен екінші орынға тоқтады. Кездесуді 28 қарашада немесе 5 желтоқсанда Лондон, Бирмингем не Нью-Йоркте өткізу жоспарланған еді.
WBO президенті Густаво Оливьери Х әлеуметтік желісінде Queensberry Promotions ұйымнан жазбаша хабарлама түскенін, онда Шираздың міндетті жекпе-жекке шықпайтыны және белбеуден бас тартқаны айтылғанын мәлімдеді. Ұйым оның шешімін қабылдағанын және құрметтейтінін жеткізді.
Жәнібек Әлімханұлының менеджері Эгис Климас бұған дейін Шираздың жекпе-жектен бас тартқанын жазған еді. Ал Шираздың өзі тамыз айында бұл жағдайға қатысты WBO шешімін сынаған болатын.
27 жастағы британдық боксшы кәсіби мансабында 24 рет жеңіске жетіп, бір кездесуін тең аяқтаған. Ол мамыр айында Алем Бегичті ұтып, чемпион атанған, ал шілдеде Саймон Захенхуберді жеңіп, белбеуін қорғаған.