Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина US Open-2026 финалында Арина Соболенконы 6:4, 5:7, 6:2 есебімен ұтып, мансабындағы үшінші «Үлкен дулыға» титулын иеленді. Алайда шешуші кездесуден кейінгі Соболенконың әрекеті енді бөлек талқыланып отыр.
Белорусь спортшысы матч аяқталған соң өз орындығының жанында ракеткасын сындырып, кейін оны түсіріп тұрған операторға боғауыз сөз айтқан. Мұндай қылықтар «Үлкен дулыға» турнирлерінің тәртібін бұзу ретінде қаралуы мүмкін.
Ең жоғары жаза ретінде ракеткасын бүлдіргені үшін 50 мың АҚШ долларына дейін айыппұл салынуы ықтимал. Дегенмен, іс жүзінде мұндай сома көбіне төмендетіліп, жағдайдың мән-жайына қарай белгіленеді.
Боғауыз сөз үшін де жеке санкция қарастырылуы мүмкін. Бұл ереже бойынша айыппұл көлемі әдетте 3 мыңнан 5 мың АҚШ долларына дейін жетеді. US Open ұйымдастырушылары әзірге Соболенкоға қатысты түпкілікті шешім жариялаған жоқ.
Айта кетсек, Соболенко бұған дейін де осындай әрекетімен көзге түскен: ол Australian Open-2025 финалынан кейін және US Open-2023 шешуші матчы аяқталған соң да ракеткасын сындырған. Сондықтан қайталанған тәртіп бұзушылық жаза мөлшеріне әсер етуі мүмкін.
US Open қорытындысы бойынша Соболенко әлемнің бірінші ракеткасы атағынан айырылып, бұл мәртебеге алғаш рет Елена Рыбакина көтерілді.