Ағылшын «Челси» клубы өзінің ресми TikTok аккаунтында қазақстандық жас шабуылшы Дастан Сатпаевтың алғашқы голы туралы видеоны парақшаның жоғарғы жағында бекітіп қойды.
Бұл шешім австралиялық «Вестерн Сидней Уондерерс» құрамасымен өткен жаттығу кездесуінен кейін қабылданды. Матч 6:4 есебімен аяқталып, онда 17 жасар Сатпаев алғашқы голын соққан болатын. Оның осы голы туралы ролик жарияланған сәтте 17,9 миллион қаралымға ие болып, клубтың соңғы жарияланымдарының арасында ең танымалы атанды.
Бұдан бұрын «Челсидің» жанкүйерлері әлеуметтік желілерде Сатпаевтың голы туралы бейненің қаралымы мен лайктары тез өсіп жатқанын атап өткен еді. Клуб жанкүйерлерінің танымал JnR аккаунты бұл ролик неге бекітілгенінің себебін дәл осы вирустық танымалдылықпен байланыстырды.
Сатпаевтың «Челсидегі» алғашқы жетістігі клуб басшылығы мен жанкүйерлер тарапынан үлкен қызығушылық тудырып отыр.