Сербиялық «Партизан» клубы әлеуметтік желідегі ресми парақшасында костанайлық «Тоболды» құттықтап, Еуропа Конференциялар лигасының үшінші іріктеу кезеңіндегі кездесу қарсаңында арнайы хабарлама жариялады.
Клубтың X желісіндегі парақшасында «Тобол» футбол клубы, көріскенше Белградта!» деген қысқаша сәлемдесу жарияланды.
Сонымен қатар «Партизан» болашақ қарсыласы туралы қысқаша ақпарат таратты. Онда «Тоболдың» 1967 жылы құрылғаны, Костанайдағы 9500 орындық Орталық стадионда өз алаңында ойнайтыны және өткен маусымда Қазақстан чемпионатында үшінші орын алғаны айтылған. Сондай-ақ клубтың үздік бомбардирі ретінде тоғыз гол соққан Ислам Чесноков көрсетілген.
Конференциялар лигасының үшінші іріктеу кезеңінің бірінші кездесуі 7 тамызда Белградта өтеді. Жауап сапары 13 тамызда Костанайда болмақ. Осы қарсыласудың жеңімпазы турнирдің плей-офф раундына жолдама алады.