Ресей боксшылары 2027 жылы Қазақстанда өтетін әлем чемпионатына қатысуға дайындық жасап жатыр. Бұл туралы Ресей бокс федерациясының жаттықтырушылар кеңесінің төрағасы Эдуард Кравцов хабарлады.
Іріктеу жарыстары келесі жылдан басталады. Біз келесі көктемде Қазақстанда өтетін әлем чемпионатына қатысуға дайындалып жатырмыз, — деді Кравцов.
Бұған дейін Ресей спорт министрі Михаил Дегтярёв World Boxing ұйымы ресей боксшыларына қойылған шектеулерді алып тастап, оларға халықаралық жарыстарда ұлттық ту мен әнұранмен өнер көрсетуге рұқсат бергенін мәлімдеген болатын.
Оның айтуынша, Ресейдің құқығын қалпына келтіру мәселесі 2026 жылдың қаңтарында Ташкентте World Boxing президенті әрі Қазақстан Ұлттық олимпиада комитетінің басшысы Геннадий Головкинмен талқыланған. Ал 2026 жылдың наурызында ұйымның атқарушы кеңесі Ресей бокс федерациясының World Boxing құрамына кіру өтінішін мақұлдаған.
2026 жылдың сәуірінде ресейлік боксшылар бейтарап мәртебемен турнирлерге қатысуға рұқсат алған еді, ал енді олар елдің ресми рәміздерімен өнер көрсете алатын болды.