Еурокомиссия Ресейге қарсы 22-санкциялар пакеті жобасын таныстырды. Жаңа шектеулер Еуроодақ аумағындағы спорт жарыстарына ресейлік құрамалар мен спортшылардың қатысуына кедергі келтіруі мүмкін.
Еурокомиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйеннің айтуынша, ұсыныс Ресейдің ұлттық құрамалары мен спортшыларына ЕО елдеріндегі жарыстарға мемлекеттік туымен және ресми рәміздерімен шығуға тыйым салуды көздейді.
Сонымен бірге құжатта ресейлік демеушілердің еуропалық спорт ұйымдарын қаржыландыруына шектеу қою, ал Ресей азаматтарының Еуроодақта орналасқан спорт федерацияларында басшылық қызмет атқаруына тыйым салу да қарастырылған.
Еурокомиссия Шенген аймағы елдеріне арналған визалық ұсынымдарын да жаңартты. Санкциялар пакеті бекітілсе, Ресей спортшыларына ұлттық рәміздермен өтетін жарыстарға бару үшін виза беруден бас тарту ұсынылып отыр.
Құжат енді Еуроодақ Кеңесінің түпкілікті мақұлдауынан өтуі тиіс. Келесі саммит 26–27 қарашаға жоспарланған.
Бұл шешім Ресейдің ерлер хоккей құрамасына да әсер етуі ықтимал. Бұған дейін Спорттық арбитраж соты (CAS) Халықаралық хоккей федерациясын (IIHF) ресейлік команданы 2026/2027 маусымындағы жарыстарға жіберуге міндеттеген еді. Ал 2027 жылғы әлем чемпионаты мамыр айында Германияда өтеді, ал Германия Еуроодақ құрамына кіреді.