2025 жылғы IBA әлем чемпионы Оразбек Асылкулов Қазақстан чемпионатынан кейінгі ойымен бөлісіп, алдағы мақсаттарын айтты. Ол қазір тынығып, ем-дом қабылдап жатқанын, алда өтетін әлем чемпионатына тыңғылықты дайындалатынын жеткізді.
— Қазір демалып, емделіп жүрмін. Алда әлем чемпионаты бар, соған дайындаламыз. Әлі де өзімді көрсетемін, — деді Асылкулов.
Боксшы әлеуметтік желілерде көп талқыланып жүрген Адильбек Кожаханмен арадағы бәсеке туралы да пікір айтты. Оның сөзінше, бұл — спорттағы қалыпты құбылыс: жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді, ал кім мықты екенін алдағы әлем чемпионаты көрсетеді.
— Бұл — спорт қой. Жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Кім дайын болса, әлем чемпионатында көреміз. Мен әлі бәрін көрсеткен жоқпын, — деді ол.
Асылкулов сондай-ақ жас чемпион Мадияр Аскертаевтың жетістігіне тоқталды. Оның айтуынша, Ақмола өңірінен шыққан боксшы көп жылдан кейін ел чемпионы атанып, еңбегінің жемісін көрді. Екеуі бір залда жаттығады, Асылкулов жас спортшыға кеңес беріп, спаррингте көмектесіп жүр.
22 қараша күні Астанада өткен жастар арасындағы Қазақстан чемпионатында Мадияр Аскертаев 60 килограмм салмақта топ жарды. Ақмола облысының өкілі финалда шымкенттік Улас Алимжанды 5:0 есебімен жеңді. Ал 5 қарашада Таразда өткен 2026 жылғы Қазақстан чемпионатында Оразбек Асылкулов жартылай финалда Жетісу облысынан шыққан Адильбек Кожаханнан 5:0 есебімен жеңіліп, қола медальға ие болған еді.