«Оқжетпестің» жартылай қорғаушысы Дмитрий Бородин Көкшетау командасының Қазақстан Премьер-лигасы 2026 маусымында төртінші орын алуына не себеп болғанын айтты. Футболшының сөзінше, бұл нәтиже ұжымның бірлігі мен бапкерлер штабының дұрыс жұмысының арқасында мүмкін болған.
Бородиннің айтуынша, команда бас бапкер Ринат Алюетовтың жетекшілігімен мықты әрі бәсекеге қабілетті ұжым құра алған. Қаржылық мүмкіндіктері лигадағы алдыңғы қатарлы клубтардан төмен болғанына қарамастан, ойыншылар өз күшіне сеніп, маусым басында-ақ нақты мақсат қойған.
«Бізде тамаша ұжым және Ринат Мұратұлы Алюетов бастаған мықты бапкерлер штабы қалыптасты. Олар бәсекеге қабілетті команда жасай алды. Иә, мүмкіндігіміз бен қаржымыз бойынша жетекші клубтардан кейін тұрдық, бірақ өзімізге сендік. Маусымның басында үш ойында 9 ұпай жинауды мақсат еттік. Ал біз алдымен өз алаңымызда “Елімаймен”, кейін түзде “Қаспиймен”, одан соң “Ұлытаумен” кездестік. Қарсыластардың бәрі де өте жинақы еді. Соның нәтижесінде 9 ұпайдың 7-еуін жинап, турнир кестесінің жоғарғы бөлігінде орнықтық. Ойыншылардың сенімі артты, бәрі істің жүріп жатқанын көрді», — деді ол.
Жартылай қорғаушының сөзінше, маусымның алғашқы бөлігінде жинаған ұпай қоры кейінгі сәтсіздіктер кезінде де командаға тірек болды. Жазда «Қайратпен» қатарынан екі рет ойнап, екі кездесуде де жеңіліп қалған соң, «Тобылға» қарсы матчта да ұпай жоғалтқан. Алайда сол ауыр кезеңнен кейін де команда үздік топтан шығып кетпей, маусым соңына дейін нәтижесін сақтай алған.
Бородин сондай-ақ команданың ойын мәнеріне тоқталды. Оның айтуынша, бапкерлер штабы футболшылардан жоғары қарқын, қорғаныстан шабуылға тез көшу және доптан айырылған сәтте жедел қысым жасау талап еткен.
«Қазір жас бапкерлер көп. Біздің Виталий Леонидович Жуковский де Қазақстанға жас кезінде келген. Тактикаға келсек, тек қарсы шабуылға сүйендік деуге болмайды. Әрқалай ойнадық, бірақ басты талаптардың бірі — ойын қарқынын жоғары ұстау және бос доп ұстап тұрудан бас тарту еді. Допты тартып алсақ, оны мүмкіндігінше тез алға жеткізу керек, ал айырылып қалсақ, бірден прессингке шығу қажет болды. Соның арқасында қарсыластарға бізге қарсы ойнау қиынға соқты деп ойлаймын», — деді ол.
«Оқжетпес» 30 матчта 54 ұпай жинап, маусымды төртінші орында аяқтады. Бұл — Көкшетау клубының Қазақстан Премьер-лигасындағы ең үздік көрсеткіші.