Қазақ боксшысы Мадира Жұмақан Черногорияның Будва қаласында өтіп жатқан 19 жасқа дейінгі боксшылар арасындағы әлем чемпионатының жартылай финалында шаршы алаңға шықты.
51 келіге дейінгі салмақта өткен кездесуде Жұмақан Өзбекстан өкілі Назокат Мардоновамен жұдырықтасты. Үш раундтың қорытындысы бойынша төрешілер бірауыздан жеңісті өзбекстандық спортшыға берді — 5:0.
Бірінші және екінші раундтарда төреші қазақстандық боксшыға бір-бір нокдаун санады. Ал Мардонова финалға жолдама алып, Мадира Жұмақан қола медальға қол жеткізді.
19 жасқа дейінгі боксшылар арасындағы әлем чемпионаты Будвада 16–27 қазан аралығында өтіп жатыр. Турнирге 69 ұлттық федерациядан 474 боксшы қатысуда.
Әйелдер жарысы он салмақ дәрежесінде өтеді, ал чемпиондық белбеулер сарапқа салынатын финалдық жекпе-жектер 27 қазанға жоспарланған.