World Boxing ұйымы Черногорияның Будва қаласында өтіп жатқан 19 жасқа дейінгі әлем чемпионатында қазақстандық боксшы Акжүрек Қалабайдың өнерін ерекше атап өтті.
Қазақстандық былғары қолғап шебері Эстония спортшысы Александр Живолоупты мерзімінен бұрын ұтып, 65 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде келесі кезеңге жолдама алды.
Жекпе-жек барысында төреші эстон боксшысына төрт рет нокдаун санағаннан кейін кездесу тоқтатылды. Осылайша Қалабай айқын басымдықпен жеңіске жетті.
World Boxing бұл нәтижені өз жазбасында ерекше атап өтіп, қазақстандық боксшының жеңісін құттықтады.
Айта кетейік, World Boxing ұйымы өткізетін 19 жасқа дейінгі әлем чемпионаты 16-27 қазан аралығында өтіп жатыр. Будвадағы додаға 69 ұлттық федерациядан 474 боксшы қатысуда.
Жартылай финалдық жекпе-жектер 25 қазанға жоспарланған, ал финалдар 27 қазанда өтеді.