Елорда клубы «Астананың» бас бапкері Григорий Бабаян Босния және Герцеговина құрамасының жартылай қорғаушысы Иван Башичке ағылшынның «Халл Сити» клубы қызығушылық танытуына байланысты пікір айтты.
Бұған дейінгі мәліметтерге қарағанда, ағылшын клубы Башичті алдағы трансфер терезесінде қатарға қосуды қарастырып отыр.
«Башич — болашағы зор футболшы. Сергей Якирович онымен клубта („Зриньски“) жұмыс істегендіктен, мен сияқты оның мүмкіндігін жақсы біледі. Иванның топ-клубта ойнай алатынына сенімдімін, бірақ қазір ол — „Астананың“ ойыншысы. Оған қалған төрт матчқа толық көңіл бөліп, командаға барынша көмектесу керек. Ал ықтимал трансферге пікір білдіре алмаймын», — деді Бабаян.
Иван Башич «Астанаға» Ресейдің «Оренбург» клубынан 2025 жылғы 2 шілдеде еркін агент ретінде ауысқан. Осы маусымда ол 20 матч өткізіп, 4 гол соқты және 2 нәтижелі пас берді.
Transfermarkt футболшының құнын 1,5 миллион еуроға бағалап отыр. Башич Босния және Герцеговина құрамасы сапында 24 матч өткізіп, 1 голдың авторы атанған.
КПЛ-дің 28-туры аясында «Тоболдан» 1:2 есебімен жеңілгеннен кейін «Астана» 48 ұпаймен турнир кестесінде үшінші орында тұр.