Испаниялық теннисші Паула Бадоса расизмге байланысты айыпталды. Ол қытай мейрамханаларының бірінде түскен суретті әлеуметтік желіде жариялағаннан кейін осындай сынға ұшырады, деп хабарлайды Dopmedia.kz.
Суретте спортшы тамақтану таяқшаларын көздерін кішірейтіп көрсету үшін қолданған, бұл көптеген жанкүйерге азиялықтарға келемеж ретінде көрінді. Осыдан кейін Бадоса кешірім сұрауға мәжбүр болды.
"Менің бұл әрекетімнің қорлаушылық тудыратынын немесе расизм деп қабылдануы мүмкін екенін білмедім, өте өкінішті. Барлық жауапкершілікті өз мойныма аламын, бұл менің қателігім. Мұндай жағдайлар маған болашақта сабақ болады деп үміттенемін. Сіздер мені түсінеді деп ойлаймын..." - деп Паула Daily Mail-ге берген сұқбатында айтты.
Айта кетейік, Паула Бадоса Бейжіңде өткен беделді China Open турнирінің жартылай финалына жеткенімен, әлемнің 4-ракеткасы, АҚШ спортшысы Кори Гауффқа жол берді.