Дүниежүзілік бокс ұйымының (WBO) президенті Густаво Оливьери қазақстандық Жәнібек Алимханұлы мен британдық Хамза Шираз арасындағы міндетті чемпиондық жекпе-жекке арналған промоутерлік торгтың нәтижесіне пікір білдірді.
Оливьери Queensberry Promotions компаниясын жеңісімен құттықтап, оның 1 001 809 долларлық ұсыныс жасағанын айтты. Бұл Top Rank ұсынған 820 мың доллардан жоғары болды.
«Queensberry Promotions-ты бүгінгі WBO торгында міндетті әлем чемпиондық жекпе-жегі үшін сәтті жеңіске жетуімен құттықтаймын. Жеңімпаз өтінім көлемі — 1 001 809 доллар», — деп жазды ол.
Тараптар арасындағы табыс үлесі 75/25 тәртібімен бөлінеді: Хамза Ширазға 751 356,75 доллар, ал Жәнібек Алимханұлына 250 452,25 доллар тиесілі. Торгтың өтуіне боксшылар командалары белгіленген мерзімде келісімге келе алмағаны себеп болды.
Алдын ала ақпарат бойынша, жекпе-жек 28 қарашада немесе 5 желтоқсанда өтуі мүмкін. Өтетін орын ретінде Лондон, Бирмингем және Нью-Йорк аталды. Дегенмен, нақты күні мен орны әзірге бекітілген жоқ.
Бұл айқас Алимханұлы үшін екінші орта салмақтағы дебют болмақ. Қазақстандық боксшы Ширазға тиесілі WBO титулына міндетті үміткер саналады.