Дүниежүзілік бокс ұйымы (WBO) екінші орта салмақтағы әлем чемпионы Хамза Шираз бен қазақстандық үміткер Жәнібек Алимханұлы арасындағы міндетті жекпе-жекке қатысты промоутерлік сауда өтетінін мәлімдеді.
Ұйымның хабарлауынша, сауда 16 қыркүйекте атлантикалық стандартты уақытпен 14:00-де (AST) Сан-Хуандағы (Пуэрто-Рико) бас кеңседе өтеді. Қазақстан уақытымен бұл — 16 қыркүйек 23:00.
WBO өзінің X әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында да осы рәсімді жариялап, екі боксшының суреті салынған афишаны таратты.
«Шираз — Алимханұлы: келесі қадам осы жерден басталады. WBO саудасын 16 қыркүйек, сәрсенбі күні, Сан-Хуандағы (Пуэрто-Рико) тікелей эфирде көріңіз», — делінген ұйым хабарламасында.
Бұған дейін тараптарға келісімге келу үшін 10 қыркүйекке дейін уақыт берілген еді. Алайда ортақ шешімге қол жеткізілмеген соң, енді титулдық айқастың тағдыры ресми саудада анықталмақ.