Қазақстандық боксшы Дастан Садуулы Орынборда (Ресей) өткен кәсіпқой бокс кешінде шаршы алаңға шықты.
Ол ресейлік Габил Мамедовпен жұдырықтасты. Бірінші жартылай орта салмақта өткен бұл кездесу алты раундқа жоспарланған еді, алайда толық қашықтыққа созылған жоқ.
Екінші раундта Мамедов техникалық нокаутпен жеңіске жетті.
Осылайша, Габил Мамедов кәсіпқой рингтегі екінші жеңісіне қол жеткізсе, Дастан Садуулы кәсіби мансабындағы бесінші жеңілісіне ұшырады.
Айта кетсек, әуесқойлар арасындағы мансабында Габил Мамедов Еуропа чемпионаты-2017 мен Еуропа ойындары-2019 жарыстарының финалисі болған, сондай-ақ Ресейдің бес дүркін чемпионы атанған.