Қазақстандық боксшы Мейірім Нұрсұлтанов (20-0, 11 КО) мексика-америкалық Хесус Рамос-младшийге (24-1, 19 КО) қарсы өтетін WBC ұйымы бойынша үміткер мәртебесін сарапқа салатын жекпе-жекке қатысты мәлімет айтты.
Спортшының сөзінше, олар бұл айқасқа төрт айдан бері АҚШ-та дайындалып жатыр. Жекпе-жек 19 қыркүйекте өтуі тиіс.
«Біз қазір АҚШ-та дайындалып жатырмыз. Жекпе-жек 19 қыркүйекте өтеді. Барлығы жақсы», — деді Нұрсұлтанов.
Боксшының айтуынша, алғашқыда кездесу 15 тамызға белгіленген еді. Алайда кейін оның мерзімі бір айға шегерілді.
Нұрсұлтанов Рамосты таңдау өзіне берілмегенін де нақтылады. Оның сөзінше, WBC оны дәл осы қарсыласпен үміткерлік жекпе-жекке шығуға міндеттеген.
Нұрсұлтанов пен Рамос-младший арасындағы айқас туралы ресми ақпарат 6 тамызда белгілі болды. Орта салмақта WBC тұжырымы бойынша әлем чемпионы — доминикандық Карлос Адамес. Қазақстандық боксшы соңғы рет 2023 жылғы 17 қарашада Ташкентте шаршы алаңға шығып, чилилік Хулио Аламосты төрешілердің бірауызды шешімімен жеңген.