Қазақстандық боксшы, екі дүркін әлем чемпионы Санжар Ташкенбай Астанада өтетін титулдық жекпе-жегі қарсаңында отандастарына жүрекжарды үндеу жолдады. Спортшы бұл туралы өзінің Instagram парақшасында хабарлады.
«Ассалаумағалейкум, Қазақстан және қазақстандық бокс жанкүйерлері! Құдай қаласа, 28 тамызда Астанада IBA x NOMAD халықаралық бокс күні аясында мен кәсіби боксшы ретінде алғашқы жекпе-жегімді жүргіземін», — деп жазды Ташкенбай.
Боксшының сөзінше, бұл оның үшін жай ғана дебют емес. Кәсіби рингтегі бірінші кездесуінде-ақ ол 10 раундтық жекпе-жекте IBF Asia чемпиондық белбеуін жеңіп алуға тырысады.
«Бүгінгі күнге дейінгі барлық жетістігімнің артында қазақ халқының батасы, қолдауы мен сенімі тұр. Қай жерде шықсам да, елімнің жанкүйерлерінің қолдауын жүрегіммен сезінемін. Сондықтан бұл жекпе-жекке де жалғыз шықпаймын деп сенемін», — деді ол.Ташкенбай 28 тамызда Астанадағы Жақсылық Ушкемпіров атындағы жекпе-жек сарайына барлық жанкүйерлерін күтетінін жеткізді. «Алла қаласа, бірге тағы бір биікті бағындырып, қазақстандық бокс тарихына тағы бір алтын бет жазамыз! Сіздердің қолдауларыңыз — менің басты күшім! Алға, Қазақстан!» — деп жазды спортшы.
IBA Nomad Boxing турнирінде Ташкенбай кәсіби рингтегі алғашқы кездесуін филиппиндік боксшы Нил Джакамоспен өткізеді. Жекпе-жекте IBF Asia нұсқасы бойынша иесіз тұрған жеңіл-жеңіл салмақ дәрежесінің чемпиондық белбеуі бәйгеге қойылады.