Костанайлық «Тобол» клубының черногориялық қорғаушысы Неманья Цавнич Лига Конференциясының үшінші іріктеу кезеңінде белградтық «Партизанмен» өтетін кездесуге ерекше қатысы бар екенін айтты. Ол балалық шағынан «Партизанды» жақтап келгенін және бұл дәстүр отбасында ұрпақтан-ұрпаққа беріліп жатқанын жеткізді.
«Біздің отбасымызда бәрі әрдайым «Партизанды» жақтады. Кішкентайымнан кімді жақтайсың деп сұраса, «Партизанды» деп жауап беру мен үшін табиғи нәрсе еді. Бұл дәстүр менің ұлыма да ауысқан сияқты. Бұл матч мен үшін ең алдымен үлкен мәртебе, содан кейін сын-қатер: бар күшімді жұмсау, ойыннан ләззат алу және өмірімде бірінші рет «Партизанды» жақтамау», — деді 30 жастағы футболшы.
Цавнич сонымен қатар «Тоболдың» ішіндегі ахуалды жоғары бағалап, костанайлықтардың келесі кезеңге шығуға сенетінін мәлімдеді. «Ахуал жақсы. Бәрімізге жақсы таныс клуб — «Партизанмен» ойнайтынымызға қуаныштымыз. Осындай командалармен кездескенде әрдайым қосымша адреналин мен ерекше күту сезімі пайда болады. Қиын болатынын түсінеміз, бірақ соған қарамастан оптимистік көзқарасты сақтап отырмыз және алға шығуға қабілеттіміз деп сенеміз», — деді ол.
Қорғаушы қарсылас команданың негізгі күшті тұстарын атап өтіп, Урош Милованович тағы да белградтықтардың торына доп енгізеді деген үміт білдірді. «Ол сол голдарды жиі есіне алады, бәріміз де ол «Партизанға» тағы бір-екі гол соғуын қалаймыз. Менің ойымша, қарсыластың басты артықшылығы — жылдамдық пен қанат ойыншыларының жоғары деңгейі, сондай-ақ жас Вукотичтің креативтілігі. Әрине, жанкүйерлердің қолдауы мен «гробарлар» Белградта жасайтын керемет атмосфераны да естен шығармауымыз керек», — деп қосты футболшы.
Черногориялық ойыншы Қазақстан чемпионатының деңгейін Балкан елдерінің турнирлерімен салыстырды. «Жағдай жақсы, лига жыл сайын күшейіп келеді. Қазақстандық клубтар көбірек шетелдік футболшылар мен бапкерлерді тартып отыр. Мұнда инфраструктураға қаржы салынады және еуропалық чемпионаттардан қалыс қалмауға тырысады. Менің ойымша, бұл лига сербиялық Суперлигаға өте ұқсас, сонымен бірге ол Черногория чемпионатынан әлдеқайда күшті және кейбір тұрғыдан Босния мен Герцеговина премьер-лигасынан да асып түсетін шығар», — деп атап өтті қорғаушы.
Цавнич «Тоболда» өткізген кезеңі мансабындағы ең жақсы кезең болғанын мойындады. «Тоболда» өткізген барлық уақыт менің мансабымдағы ең жақсы сәттердің жиынтығына айналды. Өткен жылы біз Қазақстан кубогы мен Суперкубогын жеңіп алдық. Турнирдегі жеңіс әрбір спортшыға ерекше қанағат пен таңғажайып сезім сыйлайды. Дұрыс жерде, дұрыс уақытта болғаныңа көз жеткізгенде, барлық еңбегің мен күш-жігеріңнің ақталғанын түсінгенде, бұл футболдағы ең тамаша сәттердің біріне айналады», — деп қорытты Цавнич.
«Партизан» мен «Тоболдың» бірінші матчы 6 тамыздан 7 тамызға қараған түні Белградта өтеді, ойын Астана уақыты бойынша сағат 00:00-де басталады. Қайтарым кездесу 13 тамызда Костанайда өткізіледі.