Биыл төртінші рет өтетін БАҚ өкілдерінің дәстүрлі жарысы «Хабар» агенттігінің 30 жылдығы аясында өтеді. Еңбек жолының 20 жылдан астамын осы агенттікте өткізген Амангелді Мәулітханұлы қазақ спорт журналистикасының дамуына зор үлес қосты.
Амангелді Сейітхан 1969 жылы 11-ші мамырда Шығыс Қазақстан облысы Мақаншы ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын 1991 жылы «Спорт» газетінде бастап, қазақ журналистикасының спорт саласын бір кісідей меңгерген ардагерге айналды. 1994 жылы «Қазақстан» ұлттық арнасында «Тұғыр» атты бағдарлама ашып, жүргізушісі болған. Кейін «Құмсағат» бағдарламасының спорттық ақпараттар бойынша продюсері атанды. 1997 жылдан «Хабар» Агенттігінде қызмет атқарды. Футболдан 1998 жылы Франциядағы Әлем чемпионатында қазақ тілінде комментатор болды. Одан кейін 1999 жылы Бангкоктегі Азия ойындарын, 2000 жылы Сиднейдегі Олимпия ойындарын, 2002 жылғы Солт-Лейк-Ситидегі ақ Олимпиаданы «Хабар» арнасының эфирінде қазақша сөйлетті. Соңғы күндеріне дейін футзалдан БАҚ өкілдері арасындағы БАҚ лигада әріптестерімен доп тепті.
Амангелді Сейітхан атындағы Seitkhan cup республикалық турнирі 2022 жылы басталып, жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Алғашқы турнирде Талдықорған журналистерінен құралған «Қарекет» командасы жеңімпаз атанса, екінші жылы Қызылорданың «Ақмешіт» командасы бас жүлдеге қол жеткізді. Ал былтыр Астана қаласының «Қазмедиа» орталығы үздік болған.