16 дүркін әлем чемпионы, норвегиялық Магнус Карлсен рапид рейтингінде 14 жылдан кейін алғаш рет 2800 ұпай межесінен төмен түсті.
Бұл тарихи құлдырау Венгрияның Будапешт қаласында өтіп жатқан беделді Total Chess World Championship Tour Pilot турниріндегі жұбаныш финалдың екінші ойын күнінде тіркелді. Карлсенді 28 жастағы ресейлік гроссмейстер Владислав Артемьев тоқтатты.
Шешуші сәт рапидтегі алғашқы партияда болды. Оған дейін блицтегі төрт ойында Карлсен 2,5:1,5 есебімен алда тұрған еді. Ақ тастармен ойнаған Артемьев партияны сенімді өткізгенімен, соңында тәуекелге бармай, тең нәтижеге келісті. Осылайша рапид бөлігі 2:2 есебімен аяқталды.
Дегенмен дәл осы тең ойынның өзі Карлсен үшін қымбатқа түсті: рейтинг айырмасының салдарынан ол 2,4 ұпай жоғалтты. Соның нәтижесінде норвегиялық шахматшының көрсеткіші 2798,6 ұпайға дейін төмендеп, ол 2012 жылдан бері алғаш рет 2800 межесінен асты.
Бұған қарамастан, Карлсен рапид бойынша әлемдік рейтингтің көшін бастап тұр. Айта кетсек, дәл осы турнирде ол классикалық шахматтағы рейтингтік ұпайдан айырылып қалмау үшін бірнеше партияға, соның ішінде Қазақстанның ең мықты шахматшысы Бибісара Асаубаевамен кездесуге де шықпай, техникалық жеңілістер алған еді.