«Барыстың» бас бапкері Михаил Кравец Құрлықтық хоккей лигасының тұрақты маусымында «Металлургті» 5:4 есебімен тізе бүктіргеннен кейін ойынның шешуші тұстарын атап өтті.
Кравецтің айтуынша, матчтың басында оның шәкірттері сәл қысылып қимылдаған. Ол мұндай мықты қарсыласқа қарсы батыл ойнап, жоғары қарқынға төтеп беру қажет екенін айтты.
«Әуелі сәл сенімсіз бастадым. “Металлург” — турнир кестесінде жоғары тұрған, құрамы мықты команда. Ондай ұжымға қарсы тек еңбекпен, қарқынмен және тез реакциямен ойнау керек. Басында мұның бәрі жетіспеді. Бірақ кейін жанкүйерлер көп көмектесті, жігіттердің өзі де жігерленіп, агрессивтірек әрі белсендірек ойнай бастады. Қорғанысты дұрыс құрып, шайбаны шығарып, шабуыл ұйымдастырдық, көпшілікте де жылдам қимылдадық. Содан соң ойынды өз жағына бұрдық», — деді бапкер.
Оның айтуынша, екінші кезеңдегі ең маңызды сәт — бес минуттық аз құрамда ойнау болды. Кравец қақпашы мен азшылықта алаңға шыққан хоккейшілердің еңбегін жоғары бағалады.
«Екінші кезеңдегі ең маңызды сәт — бес минуттық азшылықта ойнау. Қақпашының және азшылықта ойнаған жігіттердің әрекеті керемет болды. Оларға басымды иемін, өйткені дәл сол сәттер жеңіс әкелді десем болады. Үшінші кезеңде қорғанысқа көбірек сүйенуге тырыстық, бірақ өкінішке қарай, екі қателік жібердік, қарсылас сол сәтте бірден пайдаланып кетті. Дегенмен, аман қалдық, шайбаларды өзімізге тосып, матчты жеңіспен аяқтадық»,
Кравец командаға келген жанкүйерлерге алғыс айтып, олардың қолдауы ерекше сезілгенін жеткізді. Сондай-ақ ол Қазақстанның әнұранын жанкүйерлердің әдемі айтып жүргеніне тәнті екенін жасырмады.
26 матчтан кейін «Барыстың» еншісінде 29 ұпай бар. Команда ҚХЛ-дың Шығыс конференциясында бесінші орында тұр.