IBF European белбеуінің иегері, ресейлік Умар Саламов (33-2, 24 КО) Қазақстан боксшысы Еділ Қожамбердиевпен (17-2, 17 КО) өтетін жекпе-жекке қатысты пікір білдірді.
10 раундқа жоспарланған бұл кездесу 16 қазанда Грозныйда өтетін турнирдің басты жекпе-жегі болады.
«Жекпе-жекке жақсы формада келіп отырмын, жанкүйерлерді әдемі боксыммен қуантқым келеді. Грозныйда жұдырықтасу мен үшін үлкен мәртебе, ал өз алаңымда шығу маған тек көмектеседі. Жерлестерімнің қолдауы маған ерекше жігер береді. Қарсыласымызды мұқият зерттедік. Ол — мықты әрі берік боксшы. Дегенмен, барлық жағынан өзімді басым санаймын, бірақ ешқандай салғырттыққа жол бермеймін. Мұндай деңгейде қателікке орын жоқ. Мен чемпиондық белбеуге қол жеткізгім келетінін талай айттым, енді сол мақсатқа нық қадам басып келемін. Қожамбердиевпен алдағы кездесу — сол жолдағы маңызды кезең», — деді Саламов.
Ол сондай-ақ рейтингтегі жоғары орнын атап өтіп, әлем чемпиондарымен жұдырықтасуға лайық екенін айтты. Саламовтың сөзінше, ол Жей Опетаямен де, Дэвид Бенавидеспен де өткізсе, жеңіске жететініне сенімді.
BoxRec рейтингінде бірінші ауыр салмақта топ-6 қатарына кіретін Саламов үшін бұл — IBF European белбеуін алғашқы рет қорғау. Ол бұл титулды тамыз айының ортасында Грозныйда қазақстандық Әлі Балоевты жеңу арқылы иеленген болатын.
Карьерасында Саламов полутяж салмақта IBO, IBF European және WBO International белбеулерін жеңіп алған. Сондай-ақ WBA тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағына үміткер болған, ал бірінші ауыр салмақта WBA International чемпионы атанған.
Қожамбердиев кәсіпқой мансабындағы алғашқы екі жеңілістен кейін тек мерзімінен бұрын аяқталған жеңістерге қол жеткізіп келеді. Ол АҚШ-та, Қазақстанда, Мексикада, Ресейде және Түркияда жұдырықтасқан.