Қазақстандық аралас жекпе-жек шеберлері Бекзат Алмахан мен Бахтияр Несіпбек Грузияның RKENA лигасы мен америкалық PFL ұйымы бірлесіп өткізетін турнирде өнер көрсетеді.
Бекзат Алмахан жеңіл салмақта америкалық Абдул Камарамен кездеседі. Алмаханның еншісінде 12 жеңіс және 4 жеңіліс бар, соның 10 жеңісі нокаутпен аяқталған. Соңғы жекпе-жегін ол 27 маусымда Баку қаласындағы UFC турнирінде өткізіп, бразилиялық Жеан Мацумотоға төрешілердің бірауызды шешімімен есе жіберген еді.
Бұл жекпе-жек Алмахан үшін UFC-ден кеткеннен кейінгі алғашқы кездесу болмақ. Ол әлемдегі ең ірі лигада төрт айқас өткізіп, бір рет жеңіске жетіп, үш рет жеңілген. Жалғыз жеңісі Брэд Катонаны бірінші раундта нокаутқа түсірген бәсекеде тіркелді.
Бахтияр Несіпбек болса, аса жеңіл салмақта ирандық Сейед Али Аслимен күш сынасады. Оның кәсіби мансабында 10 жеңіс, 5 жеңіліс және 1 тең нәтиже бар. Қазақстандық спортшының сегіз жеңісі тұншықтыру әдісімен аяқталған.
Несіпбек соңғы рет OCTAGON 70 турнирінде қырғызстандық Елдана Сакеевті бірінші раундта тұншықтыру әдісімен жеңген. RKENA x PFL турнирі 17 қазанда Тбилисидегі Спорт сарайында өтеді.