Астанада Қазақстан мен Таиланд құрамалары арасындағы Дэвис кубогының Екінші әлемдік тобы аясындағы қарсыластық аяқталды.
Шешуші жекелей кездесуде әлемдік рейтингте 198-орында тұрған қазақстандық Тимофей Скатов 463-сатыдағы Максимус Джонспен ойнап, үш сетте жеңіске жетті — 6:4, 4:6, 6:4. Матч 2 сағат 15 минутқа созылды.
Қорытынды ойынға дейін есеп тең болған еді — 2:2. Бірінші күні Александр Шевченко Джонсты ұтса, Скатов Касидит Самрейден басым түсті. Кейін жұптық матчта Денис Евсеев пен Бейбит Жукаев Пручья Исаро мен Джонсқа есе жіберді. Одан соң Шевченко Самрейге үш сетте жол берді — 6:1, 2:6, 3:6.
Скатовтың жеңісі Қазақстанға шешуші ұпай сыйлап, құраманың жалпы жеңісін қамтамасыз етті — 3:2. Осы нәтижеден кейін Қазақстан 2027 жылғы Дэвис кубогының Бірінші әлемдік тобы плей-оффына жолдама алды.