Жас қазақстандық шабуылшы Дастан Сатпаевтың келешегіне тағы бір Еуропа клубы қызығушылық білдірді. Transfert Radar ресурсының мәліметінше, өткен маусымда Сегунда дивизионында чемпион атанып, Ла Лигаға оралған испаниялық «Расинг» клубы футболшыны жалдау шартымен өз құрамына қосуды жоспарлап отыр.
Хабарламаға сәйкес, испаниялық клуб қазіргі таңда Сатпаевты жалға алу мәселесінде негізгі үміткерге айналды. Тараптар келесі маусымға арналған жалдау шартын қарастыруда.
Айта кетейік, Дастан Сатпаев қазір «Челсидің» негізгі құрамымен маусым алдындағы дайындықтан өтіп жатыр. Ол клубтың ресми футболшысы 12 тамызда, яғни 18 жасқа толғаннан кейін болады. Ағылшын алыбының Австралия мен Азия бойынша сапарында жас қазақстандық бірнеше жолдастық кездесуге қатысып, «Челси» түсінде алғашқы голын соғуға үлгерді.
Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдары Сатпаевты жалға алуға француздық «Страсбур» мен ағылшындық «Халл Сити» қызығушылық білдіргені туралы хабарлаған болатын.