Бас бапкер Михаил Кравец «Барыстың» жаттықтырушылар құрамындағы әріптестері Талғат Жайлауов пен Константин Пушкарёвтің жетекшілігімен Қазақстан құрамасының хоккейден әлем чемпионатының бірінші дивизионында жеткен жетістігіне тоқталды. Польшада өткен турнирде қазақстандық хоккейшілер барлық кездесуде жеңіске жетіп, элиталық дивизионға оралуды алдын ала қамтамасыз еткен болатын.
«От Синей Линии» YouTube-арнасына берген сұхбатында Кравец әрбір матчты қалт жібермей бақылағанын және Жайлауовты жеңістерімен құттықтап отырғанын айтты.
«Әрине, қарап отырдым. Әр ойынды көрдім, Талғатқа жеңістерімен құттықтау жаздым. Құраманың күшті дивизионға оралғанына қуаныштымын. Қазақстан үшін бұл өте маңызды. Бірақ осымен тоқтап қалуға болмайды, бізге одан әрі күшті ойнау керек. Бұл маусым жігіттерге шеберлігін арттыруға, көптеген жағынан жетілуге мүмкіндік беруі керек деп ойлаймын. Мұның бәрі келесі маусымда, келесі әлем чемпионатында күшті дивизионда орнығып қалу үшін қажет», — деді Кравец.
Еске сала кетейік, 2026 жылғы хоккейден әлем чемпионатының бірінші дивизионының А тобында, Польшаның Сосновец қаласында өткен турнирде Қазақстан құрамасы бесеуден-бес кездесуде жеңіске жетіп, топта бірінші орын иеленді. Жайлауов басқарған жасақ 13 ұпай жинап, Литваны 4:1, Жапонияны 6:0 есебімен жеңді, турнир иесі Польшадан 3:2 есебімен басым түсті, ал Украина мен Франция құрамаларын пенальти сериясында сәйкесінше 5:4 және 2:1 есебімен өткен болатын.
Осылайша Қазақстан құрамасы келесі жылы хоккейден әлем чемпионатының ең күшті — элиталық дивизионында өнер көрсетуге құқық алды.