Алматылық «Қайраттың» қорғаушысы Луиш Мата Лига чемпиондары турнирінің іріктеу кезеңінде кипрлік «Омониямен» өткен қатты күресте жеңіске жету жеңіл болмағанын мойындады.
«„Омонияның“ қақпашысы керемет ойнады. Бізде ойын барысында гол соғу үшін көптеген мүмкіндік болды, бірақ оларды пайдалана алмадық, сол себепті іс пенальти сериясына дейін жетті. Бүгін жеңіс үшін бар күшімізді салдық. Соңғы апталарда бізде матчтар саны көп болды, бұл да ойынымызға әсер етпей қоймады. Дегенмен біз өте маңызды жеңіске қол жеткіздік және келесі кезеңге өттік», — деді Мата.
Еске салсақ, 29 шілдеде «Қайрат» «Омонияны» пенальти сериясында 6:5 есебімен жеңіп, турнирдің үшінші іріктеу раундына жолдама алды. Екі матчтың қосынды есебі 1:1 болған еді.
Келесі кезеңге өту жолында алматылық команда болгариялық «Левски» клубымен сынға түседі.