Халықаралық хоккей федерациясы (IIHF) Ресейдің жасөспірімдер арасындағы әйелдер әлем чемпионатына қатысуы жөнінде әзірге соңғы шешім шығарған жоқ. Ұйымның кеңес мүшесі Вистурс Козиолс бұл мәселе бойынша қосымша ақпарат күтіліп отырғанын айтты.
«Белгілі бір рәсім бар, соны сақтауға міндеттіміз және сақтаймыз. Менің түсінуімше, келесі аптаға дейін әйелдер арасындағы 18 жасқа дейінгі әлем чемпионатына қатысты ұйымдастырушылар мен барлық федерациялардан, соның ішінде Ресей хоккей федерациясынан да қосымша ақпарат күтіп отырмыз. Содан кейін қандай да бір шешім қабылданады», — деді Козиолс.
Оның сөзінше, IIHF бірден түбегейлі шешімге бармай, турнирлерді кезең-кезеңімен қарастырып отыр. Чехияның ұстанымына қатысты ол пікір білдіруден бас тартты.
IIHF кеңесінің отырысы Цюрихте 24-26 қараша аралығында өтті. Жиында Спорттық арбитраж сотының (CAS) Ресей құрамаларын халықаралық жарыстарға қайтару жөніндегі шешімі де талқыланған.
Әйелдер арасындағы жасөспірімдер әлем чемпионаты Остравада 8-16 қаңтар күндері өтеді. Бұған дейін Чехия билігі Ресей құрамасының хоккейшілеріне турнирге қатысу үшін виза бермейтінін хабарлаған.