Қазақстандық боксшы Ангелина Лукас өткен демалыс күндері IBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағын жеңіп алғаннан кейін бейнежолдау жазды, деп хабарлайды Dopmedia.kz.
Қазақстанның ең тартымды боксшысы деп саналатын Ангелина Лукас Астана уақыты бойынша сағат 14:40-та Қазақстанға оралатынын мәлімдеді.
«Жекпе-жек қиын болды, себебі қарсыласым тәжірибелі және жеңіске жету үшін бәрін жасап бақты, тіпті ережелерді бұзуға дейін барды (мысалы, желкемнен соғу және тағы басқалары). Біреулер мен оны тістеп алдым деп жазып жатыр, бірақ менің тістегенім – оның менің желкемнен тоқтаусыз ұрғанына қарағанда түк емес», - деді Ангелина Лукас Instagram желісінде жариялаған видеосында.
Дегенмен, спортшының айтуынша, ол жеңіс үшін бәрін жасады.
«Жекпе-жектің соңында мен тек бокстасып қана қоймай, төзімділік танытып, жеңіске жететінімді көрсете алдым. Мен мұны істедім... Менің мақсатым – абсолютті әлем чемпионы болу. Мен ешқашан жеңіл жол іздемеймін. Әр қарсыласым – өте мықты. Бұл жолы мен WBO нұсқасы бойынша әлем чемпионын жеңдім», - деді Ангелина Лукас.