Қазақстан құрамасы Лига ұлттары аясында Фарер аралдарына қарсы өтетін үй кездесуіне тарихи межемен шығуға дайындалып жатыр. Сергей Малый бүгін алаңға шықса, ұлттық құрамадағы матчтар саны бойынша жалғыз рекордсмен атанады.
Қазіргі таңда «Ордабасы» қорғаушысының еншісінде Қазақстан құрамасы сапындағы 76 ойын бар. Осы көрсеткіш бойынша ол бұрынғы капитан Самат Смақовпен теңесіп тұр.
Жоспар бойынша, бүгін 36 жастағы футболшы ұлттық құрамадағы 77-матчын өткізіп, Қазақстан футболы тарихында бұл көрсеткіш бойынша бірінші орынға көтеріледі.
Тағы бір футболшы Исламбек Қуат та кездесуді алғашқы минуттардан бастайды деп күтіліп отыр. Бұл матч жартылай қорғаушы үшін ұлттық құрамадағы 76-ойын болмақ, сол арқылы ол командадағы матч саны бойынша Самат Смақовпен теңеседі.
Қазақстан — Фарер аралдары матчы «Астана Аренада» өтеді және елорда уақытымен 19:00-де басталады. Ойынды тікелей эфирде Qazsport арнасы көрсетеді.