Иван Чернухин Аичи мен Нагоядағы 2026 жылғы Азия ойындарында қазақстандық құраманың тарихи табысына қатысты ойын бөлісті. Ол Владислав Яковлевпен бірге ерлер арасындағы рулі жоқ екі адамдық қайықта топ жарып, Қазақстанға академиялық есуден алғашқы алтын медаль сыйлады.
Спортшының айтуынша, жарыс алдында өзіне артық қысым түсірмеу үшін ешқандай нақты мақсат қоймаған. Ол дайындық пен жарыстан ләззат алуға тырысқанын, өйткені кез келген ірі додада толқу мен жауапкершілік болатынын атап өтті.
Чернухин жұптағы тәжірибелі әріптесі өзін сенімді сезінуге көп көмектескенін айтты. Владислав Яковлевтің төрт Олимпиадаға қатысқанын, ал бұл оның Азия ойындарындағы бесінші сапары екенін еске салып, өзіне де алғаш рет мұндай деңгейдегі жарысқа шығу оңай болмағанын жеткізді.
Оның сөзінше, басты бәсеке Узбекистан мен Қытайдан келген экипаждармен өрбіген. Қайықта артық әбігерге салынбай, жарыстың алғашқы бөлігін өз ырғағында өткізу негізгі міндет болған.
«Мы знали, что борьба будет с Узбекистаном и Китаем. Оба экипажа злые по-спортивному. И задача была хорошо начать, дальше просто делать свою работу», — деді Чернухин.
Спортшы соңғы 250 метрде команда сәл қарқын қосып, қарсыластарды алыстата түскенін де айтты. 6 минут 25,13 секунд нәтиже көрсеткен қазақстандық жұп финалда Қытай мен Узбекистан өкілдерін артта қалдырды.
Чернухин үшін бұл медальдің орны бөлек. Ол туған жері — Орал маңындағы шағын елді мекенге алтынмен оралуды елестетіп жүргенін, қазір-ақ құттықтау хабарламаларына телефоны толып жатқанын жасырмады.