Қазақстанның велоспорт құрамасы Жапонияда өтіп жатқан жазғы Азия ойындарының ерлер арасындағы тас жолдағы топтық жарысында табысты өнер көрсетті.
Жарысқа Қазақстан атынан Алексей Луценко, Николя Винокуров және Евгений Фёдоров қатысты. Нәтижесінде Луценко 4:13:11 уақыт көрсеткішімен жеңімпаз атанды.
Евгений Фёдоров мәреге Луценкодан 1 минут 58 секунд кейін келіп, күміс медаль иеленді. Жапониялық Юхи Тодоме 2 минут 40 секундқа қалып, қола жүлдеге қол жеткізді. Николя Винокуров жетінші орынмен шектелді, оның нәтижесі — +6:16.
Бұған дейін Алексей Луценко Азиада-2026-да жекелей уақытқа жарыста да алтын медаль жеңіп алған еді.
Осылайша, Аити мен Нагоядағы Азия ойындарында Қазақстан қоржынында қазір 7 алтын, 4 күміс және 5 қола медаль бар.