Жапонияның Аичи-Нагоя қаласында өтіп жатқан Азия ойындарында әйелдер арасындағы қазіргі бессайыстың жартылай финалы мәресіне жетті.
Қазақстан намысын Аяна Қазбекова, Юлиана Петрова және Диана Щедрова қорғады. Олар фехтование, кедергілер жолағы, жүзу және laser run сайыстарында бақ сынады.
А тобының қорытындысы бойынша Аяна Қазбекова 1363 ұпай жинап, бесінші орынға тұрақтады. Юлиана Петрова 1345 ұпаймен тоғызыншы орынды иеленді.
В тобында сынға түскен Диана Щедрова 1356 ұпай алып, бесінші сатыдан көрінді.
Осылайша, қазақстандық үш спортшы да финалға жолдама алды.
Ереже бойынша, әр топтан үздік тоғыз спортшы финалға шығуға тиіс еді. Әйелдер арасындағы шешуші жарыстар 20 қыркүйекте өтеді.