Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина US Open жарысының ширек финалына шығып, жарысқа дейінгі дайындығы мінсіз болмағанын айтты. Ол жапониялық Наоми Осаканы жеңгеннен кейін турнирге толық дайын күйде келмегенін жасырмады.
Рыбакина сөзінше, жарыс алдында жеті күн бойы кортқа шықпаған және залда да толыққанды жаттығу өткізе алмаған. Сондықтан бапкерлер штабы әр күнді жеке жоспарлап, жүктемені кезең-кезеңімен арттыруға мәжбүр болған.
«Дайындық онша жақсы болған жоқ. Әрине, мен жеті күн ойнамадым және қимыл-қозғалыс жағынан залда көп жұмыс істей алмадым. Сол себепті бәрін күн сайын реттеп отыруға тура келді. Бұл — керемет ілгерілеу, бәрінің осылай аяқталғанына қуаныштымын», — деді Рыбакина.
Теннисші турнирге дейін оның қатысуына толық сенім болмағанын да атап өтті. Бұл ретте ол өз командасы мен үнемі байланыста болған дәрігердің еңбегін ерекше атады.
Қиындықтарға қарамастан, Рыбакина US Open-де қатарынан төрт матчта жеңіске жетті. Бұл — оның осы турнирдегі алғашқы ширек финалы. Енді ол келесі кезеңде Чжэн Циньвэньмен кездеседі.