UFC-дің жартылай орта салмақтағы чемпионы Ислам Махачев АҚШ-тың әйгілі балуаны, Олимпиада чемпионы Джордан Барроуздың шақыруына жауап берді.
Махачев әлеуметтік желіде: «Жеңісіңмен құттықтаймын, аңыз. Клеткада, кез келген жерде, кез келген уақытта», — деп жазды.
Барроуз RAF Moscow турнирінде Ресей балуаны, 2016 жылғы әлем чемпионы Магомед Курбаналиевті 10:0 есебімен айқын жеңіп, сол сәтте-ақ Махачевке үн қатты.
«Ислам, қайдасың? Мен сенің еліңе, сенің астанаңа келіп, әлем чемпионын мерзімінен бұрын жеңдім. Кілемді шынымен бөліскім келетін жалғыз адам — Ислам», — деді 38 жастағы Олимпиада чемпионы.
Джордан Барроуз еркін күрестің ең атақты балуандарының бірі саналады. Ол 2012 жылғы Лондон Олимпиадасында алтын медаль иеленіп, 2011, 2013, 2015, 2017, 2019 және 2021 жылдары алты дүркін әлем чемпионы атанған.
Оның қоржынында бұдан бөлек әлем чемпионаттарының үш қола медалі, Панамерикалық ойындардағы үш жеңісі және халықаралық мансабының басындағы 69 рет қатарынан үздіксіз жеңіс сериясы бар. Олимпиада мен әлем чемпионаттарындағы жеті алтын жүлдесінің арқасында Барроуз АҚШ күрес тарихындағы абсолютті рекорд иесі болып тұр.