Қазақстан құрамасының бас бапкері Джон ван ’т Схип алдағы ойындарға дайындық барысы мен Ұлттар лигасы қарсаңында соңғы құрамды жасақтау жоспары туралы айтты.
Бапкер әзірге футболшылармен жеке кездесулер көп болмағанын жеткізді. Оның сөзінше, кейбір ойыншылармен матчтарда немесе әуежайда жолығып, амандасқан. Сондай-ақ ол Англияда жүрген Дастан Сатпаевпен FaceTime арқылы екі минуттай сөйлескенін айтты.
«Соңғы құрамды келесі турдан кейін шамамен анықтаймыз. Кейін кей футболшылардың физикалық жағдайына қатысты қосымша ақпарат қажет болуы мүмкін. Сондықтан түпкілікті шешімді келесі аптаның соңына қарай қабылдаған дұрыс деп ойлаймын», — деді ван ’т Схип.
Ол ұлттық құрамаға тек қазіргі тізімдегі ойыншылар ғана емес, жас футболшылар, ұзақ уақыт шақырылмаған тәжірибелі ойыншылар және жарақаттан кейін қайта оралғандар да назарда екенін атап өтті. Бапкердің айтуынша, құрамадағы орын ешқашан кепілденбеген: бір жиынға енбеген футболшы келесі шақырту алуы мүмкін, ал төмен деңгей көрсеткен ойыншы келесіде тізімнен түсіп қалуы ықтимал.
Сондай-ақ бапкер «Қайраттың» негізгі кезеңде Еуропа лигасында ойнауы және қақпашы Стас Покатиловтың Чемпиондар лигасында тәжірибе жинауы ұлттық құрама үшін пайдалы болатынын айтты. Оның пікірінше, қараша айындағы соңғы екі матчтың алдында ойыншылардың бабын жоғалтпауы өте маңызды.
Дастан Сатпаевтың Англияға ауысуына қатысты ол жеке футболшыны бөліп көрсеткісі келмейтінін, бірақ жас ойыншылардың Еуропаға қадам басуы қазақ футболы үшін маңызды екенін жеткізді. Ван ’т Схиптің айтуынша, бұл ұлттық құрамаға да, жас буынға да үлгі болады.