Бокс

WBO Әлімханұлы мен Шираз жекпе-жегіне келіссөз мерзімін ұзартты

Дүниежүзілік бокс ұйымы Жәнібек Әлімханұлы мен Хамза Шираз арасындағы титулдық айқас бойынша келіссөз уақытын тағы бір аптаға созды. Тараптарға 10 қыркүйекке дейін келісімге келу міндеттелді.

Дүниежүзілік бокс ұйымы (WBO) қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы мен британиялық Хамза Шираз арасындағы титулдық жекпе-жекке қатысты келіссөз мерзімін ұзартты.

Ұйымның хабарлауынша, Top Rank пен Queensberry Promotions бірлесіп, келісімге келу жұмыстарын жалғастыру үшін бір аптаға қосымша уақыт сұраған.

Сол себепті тараптарға 2026 жылғы 10 қыркүйек, бейсенбі күні атлантикалық стандартты уақытпен (AST) сағат 17:00-ге дейін түпкілікті келісімге келіп, оны WBO-ға ұсыну үшін мерзім берілді.

Егер белгіленген уақытқа дейін ортақ шешім табылмаса, WBO чемпиондық титулдар комитеті қолданыстағы тәртіпке сай промоутерлік сауда өткізуді міндеттейді.

Әлімханұлы 21 шілдеде екінші орта салмаққа ауысатынын мәлімдеп, орта салмақтағы WBO чемпионы атағынан өз еркімен бас тартқан еді. Кейін 14 тамызда ұйым оны суперсалмақ дәрежесіндегі әлем чемпионы Хамза Ширазға қарсы міндетті жекпе-жекке ресми түрде бекітті.